Анама наз
Тоғыз ай, тоғыз күн өтіп,
Толғақтан кейін мен тудым.
Талдырмаш қызды жүдетіп
Талғақтан кейін мен тудым.
Тумай да жатып іңгәлап,
Тудырдым дауысын үміттің.
Кеудеңнен шықпай шырғалап,
Таңдайымды алғаш жібіттім.
Қалжаңа келген әр жаулық
Олжа қып бір-бір өткерме.
Мысатыр мысты маржан қып,
Мәз болып тарқап кеткенде.
Оғындай жайдың жанарың
Оқталап маған қарадың.
«Шабытпен үрлеп от көрік
Шоқ болып тұрған шаламын.
Өз кеудең енді дәт беріп,
От-жалын болып жанамын»
Дегендей сірә, болдым ба,
Көтеріп қолға алдың да,
Аузыма менің күрп етті
Айдындай иіп анарың.
Табиғат саған қондырған
Көп өзендер мен көлдерін.
Уызымда менің қандырған
Кенезелерімнің шөлдерін.
Сүйсініп мұндай жұтпаспын
Таңдайға тиіп бал уыз.
Иігеніңді де ұмытпаспын
Ана боп қалған сары қыз!
Торсықтай болып толысып
Сегіз де тоғыз ай өтті.
Кеудеңмен енді алысып
Ұмыттып ұят-әйетті.
Тілімнің шықты былдыры
Тұсауым дағы кесілді
Қышыған тіспен бір күні
Қыршып та алдым төсіңді.
Мен еметұғын сағата
Емшекке күлді жалатып,
Ащы да тұщы тамаққа
Жібердің ақыр қаратып.
Сояудай болып тіс шықты,
Ананың сүтін ұмыттық.
Көп ішіп суық-ыстықты
Тісімізді де құрыттық.
«Өмірі тәтті өтсе» деп,
Ойлайсың ба, ана, көз ілмей.
Сәл ащы болса, қайтейін,
Үйреткен оған өзің ғой.
Сай-сүйегіңді ерітіп,
Өртенбей қалған арыс ең.
Уыздан мені жерітіп,
Ашырқантқан да тағы сен.
Ал содан бері бойыма
Ащының бәрі – дәріс, ем.
3.06.69 ж.