Өмірбаян

Kenshilik

КЕҢШІЛІК АҒЫТАЙҰЛЫ МЫРЗАБЕКОВ

(1946 – 1989)

 

Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабеков 1946 жылы 6 маусымда Торғай облысы (қазіргі Қостанай облысы) Жангелдин ауданы Ақшығанақ ауылында (қазіргі Жәнібек Тархан ауылы) дүниеге келген.

1964 жылы Ақшығанақ аулындағы С.М. Киров атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, бір жыл туған ауылында еңбек етеді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ Кеңшілік өлең жаза бастаған болатын, аудандық газетке мақалалары мен өлеңдері жарияланып тұрды.

Ол өзінің жазушылық және журналистік өмір жолын 1966 жылы Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінде әдеби қызметкер болып бастады.

1967 жылы шілдеден бастап республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне жұмысқа ауысады. Осы кезден бастап оның өлеңдері  Қазақстан Жазушылар одағының  органы «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде және басқа республикалық газеттерде, журналдарда үзбей жарияланып отырды. Ал 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан жас ақындардың жинағына топтама өлеңдері енді.

1969 – 1970 жылдары «Жаңа фильм» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. Одан кейінгі жылдары, яғни 1971- 1975 жылдары Алматы облыстық «Жетісу газетінде», 1975 – 1983 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде журналистік қызметте болды, 1983 жылы «Жазушы» баспасының аударма бөлімінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды, сол жылдың қараша айында «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке ауысты. Ал 1988 жылдың мамыр айынан 1989 жылдың 30 қаңтарына дейін, яғни өмірінің соңғы күніне дейін «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

1976 жылы С.М. Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы)  Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары үшін Кеңшілік Мырзабеков «Қазақ әдебиеті» (1986), «Жетісу» (1986) газеттері конкурсының лауреаты, жеңімпазы атанып, Құрмет грамотасымен наградталды. Сондай-ақ оған 1987 жылы «Балалық шақ балладалары» атты өлеңдер жинағы үшін Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атағы берілді.

Кеңшілік орыс ақыны Евгений Евтушенконың «Менің шешем және нейтрон бомбасы, «Фуку» атты көлемді поэмаларын қазақ тіліне аударды, ол аудармалары 1989 жылы өзі қайтыс болғаннан кейін «Жазушы» баспасынан жарық көрді.

Кеңшілік Мырзабеков 1989 жылдың 30 қаңтарында 42 жастан асқан шағында дүниеден озды. Кеңшілік көзі тірісінде оннан астам өлеңдер мен балладалар, поэмалар жинағын шығарды, 1 томдық мақалалар мен очерктер жинағын, 1 томдық орыс тіліне аударылған поэмалар жинағын шығарды, ал өзі дайындаған «Іңкәр дүние» атты таңдамалы өлеңдер жинағы Кеңшілік қайтыс болғаннан кейін жарық көрді.

«Бір мысқал» атты бұрын жарияланбаған өлеңдер жинағы «Жазушы» баспасынан 1996 жылы шықты.

Өлеңдер жинағы: «Іңкәр дүние» (1972 ж.), «Дүбірлі дәурен» (1976 ж.), «Көктем көкжиегі» (1978 ж.), «Сәруар» (1980), «Революция перзенттері», (1980), «Замандас сыры» (1982 ж.), «Ауыл мен астана» (1984 ж.), «Қасиетті қас қағым» (1985 ж.), «Балалық шақ балладалары» (1986 ж.), «Дәуір – дастан» (1988 ж.), «Бір мысқал» (1996 ж.) «Жалын», «Жазушы» баспаларынан шықты.

Таңдамалы өлеңдер жинағы: «Іңкәр дүние» (Алматы қ., «Жазушы» баспасы, 1989 ж.), «Жолға салдым көшімді» (Астана қ., «Елорда» баспасы, 2002 ж.) «Менің мұңым – махаббат» (Алматы қ., «Атамұра» баспасы, 2003ж.), 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағы (Астана қ. «Фолиант» баспасы, 2012 және 2013 ж.) жарық көрді.